Алматы облысының Қаскелең өзенінде сел жүрді

су тасқыны
Фото: видеодан алынған кадр

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең өзенінде сел жүрді. 

Су ағынының видеосын Қаскелең тұрғындары видеоға түсіріп алған.

Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті 21 ақпан күні сағат 18:45-те Қарасай ауданы Қаскелең қаласында мұзды су тасқыны жүріп өткенін хабарлады.

Сел Қаскелең өзені арнасының бойымен «Жерана» орталық базарынан төмен қарай Абылай хан көшесінің бойындағы көпір өткеліне дейін байқалған. 

«Өзен арнасындағы сел кезінде су ағыны шамамен секундына 10 текше метр болды (ең жоғары меже — секундына 30 текше метр), судың лайлануы — 2 балл. Зардап шеккендер жоқ, үйлерді су баспады, су өзен арнасынан асқан жоқ», — деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі.

Сел жүріп өткеннен кейін сағат 20:00–де өзендегі су шығыны — секундына 2,5 текше метр болды, су лай емес.  

Өзен арқылы су ағыны қалыпты жағдайда жүріп жатыр.

Қазселденқорғау гидробекеті тәулік бойы мониторинг жүргізеді. Жағдай бірқалыпты. 

Соңғы жаңалықтар