Алматы облысында 1 млн 138 мың тұрғын МӘМС жүйесіне тіркелген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Алматы облысында бір жарым миллионнан астам адам тұрады және 1 млн 138 мыңнан астамы «сақтандырылған» мәртебесіне ие. Оның ішінде «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен, зейнет жасындағы адамдар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мемлекет тарапынан жарна төленеді.

Жалпы алғанда Алматы облысында «сақтандырылған» мәртебесіне ие тұрғындардың 70 пайызына жарна мемлекеттен төленіп отыр. Дегенмен, Тілеухан Әбілдаев өңірде 401 841 адам әлі күнге МӘМС жүйесіне қосылмағанын атап өтті.
Сондай-ақ оның айтуынша, облыста 71 медициналық мекеме арнайы қордан қаржыландырылады. Бүгінге дейін 52 емханаға 1 897,9 млн. теңге төленген.
«Жыл басынан бері қаржыландыру көлемі, оның ішінде амбулаториялық дәрі-дәрекпен қамтамасыз етуді қосқанда 49 275,8 млн теңге болды. Ақпан айындағы төлемді 2024 жылдың 28 маусымына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.