Алматы облысында 14 млрд теңге тиімсіз жоспарланған: 200 лауазымды тұлға жауапқа тартылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясы 2025 жылдың 9 айындағы аудиторлық қызметінің негізгі қорытындысын жариялады.
Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Қуаныш Есенаманов 9 ай ішінде мемлекеттік аудитпен 197 млрд 467,5 млн теңге қамтылғанын айтты. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты - 197 млрд 246,4 млн теңге, республикалық бюджет қаражаты - 221,1 млн теңге.
- Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтамау салдарынан жіберілген бұзушылықтар сомасы 23,9 млрд теңге болды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұзушылықтарды анықтау деңгейі екі есеге жуық артты. Аталған қаржы ішінде қаржылық бұзушылықтар 9 млрд 152 млн теңге, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражаты 399,2 млн теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты 14 млрд 372,9 млн теңге, - деді Қуаныш Есенаманов.
Сонымен қатар ол мемлекеттік аудит объектілеріне орындау үшін міндетті 55 тапсырма және 8 ұсыныс жіберілгенін атап өтті.
- Аудит жүргізу барысында жіберілген бұзушылықтар бойынша 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 155 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бюджетке жалпы сомасы 16,8 млн теңге айыппұл түсті, - деді ол.
Облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесі мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша процестік шешім қабылдау мақсатында 1 материал құқық қорғау органдарына және 2 материал прокуратураға жолданғанын айтты.
- Сондай-ақ бұрын берілген аудит материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 23 шілдедегі сот үкімі негізінде 4 адам кінәлі деп танылып, әр түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл - былтыр Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасында анықталған бұзушылықтар бойынша шешім, - деді Қуаныш Есенаманов.
Еске салайық, Жамбыл облысында медициналық ұйымдар 32,3 млрд теңгені тиімсіз жұмсаған.