Алматы облысында 2027 жылға дейін 98 ауыл интернетке қосылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы облысында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы негізінде 98 ауылды кең жолақты интернетке қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысының ӨКҚ алаңында Цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Тұран Талғатұлы айтты.
«Облыс халқын тұрақты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-мен шағын байланыс операторларына электр беру желілерінің тіректерін өтеусіз орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 27 шағын байланыс операторлары облыстың 134 елді мекенінде талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясына негізделген жоғары жылдамдықты интернет жүргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы Тұран Талғатұлы.
Сондай-ақ ол былтыр спутниктік технологияға негізделген жоғары жылдамдықты интернетке қосудың пилоттық жобасы шеңберінде облыстың шалғай елді мекендерінде орналасқан 8 мектеп Starlink жылдамдығы 200 Мбит/с-ке дейін жететін интернетке қосылғанын атап өтті. Биыл тағы 65 білім ошағын интернетпен қамту көзделген.