Алматы облысында 54600 оқушыға арналған 53 жаңа мектептің құрылысы басталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Алматы облысында жаңа мектептер салудың ауқымды бағдарламасы басталды.
Өңір әкімдігінің мәліметінше, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Қонаев қаласында 54600 оқушыға арналған 53 білім ошағы салынады. Қазір 2023-2024 жылдары басталған 24 900 орындық 26 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Барлық нысанның мердігерлері бар және құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Алматы облысының әкімдігі жобаға 1,9 млрд теңге, ал барлық 53 мектептің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 5,9 млрд теңге бөлді. 26 жоба оң сараптамалық қорытындыға ие болды.
2024-2025 жылдарға арналған жоспарда 29 700 орындық 27 жаңа мектептің құрылысы бар. Бұл білім ошақтарының жобалық-сметалық құжаттары сараптамаға жіберілді. Алматы облысында жаңа мектептер салу бағдарламасы өңір балаларына сапалы білім беру жолындағы үлкен қадам.
«Алматы облысында 53 жаңа мектептің ауқымды құрылысы басталғанын хабарлаймыз және бұл оқуға қолайлы жағдай туғызып қана қоймай, үш ауысымда оқыту мәселелерін шешуде маңызды қадам болмақ. Жаңа мектептер қосымша 54 600 оқушыға орын береді. Бұл бұрыннан бар мектептердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, балалардың жайлы жағдайда білім алуына мүмкіндік береді», - деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.