Алматы облысында 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы вакцина алды
Алматы облысында 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы егілді, оның алты мыңы 6 айдан 1 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Кazinform.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде қараша айынан бері қызылшаға қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Жаппай иммундаумен 6 айдан 1 жасқа дейінгі балалар және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлері қамтылды.
«Алматы облысында 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы егілді, оның алты мыңы 6 айдан 1 жасқа дейінгі балалар», - деп атап өтті департаменттен.
Алматы облысында зертханалық жолмен расталған 2 мың жағдай тіркелді. Қызылшамен ауырғандар Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандарында тұрады. Оның басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында (71 пайыз) анықталды.