Алматы облысында 612 бала тозығы жеткен мектепте оқуға мәжбүр

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Төле би ауылында жаңадан салынып жатқан мектептің құрылысы маусым айынан бері тоқтап тұр. 600 орынға арналған білім ошағының іргетасы 2021 жылы қаланған, деп хабарлайды Kazinform. 

Алматы облысында 612 бала тозығы жеткен мектепте оқуға мәжбүр
Фото: «AMANAT» партиясы

«612 бала қазір 60 жыл бұрын салынған мектепте оқып жатыр. Кабинет жетіспейді. Жаттығу залында спортпен шұғылдануға мүмкіндік жоқ. Ата-аналар мен ұстаздардың арманы – жаңа мектепке көшу. Жаңа мектептің тезірек ашылуына жан-жақты қолдау көрсетсе екен», – дейді Төле би орта мектебінің директоры Қази Ысқақов.

«AMANAT» партиясы Алматы облысы филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев білім мекемесінің құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті. 

Алматы облысында 612 бала тозығы жеткен мектепте оқуға мәжбүр
Фото: «AMANAT» партиясы

«Мектеп құрылысына 1 млрд 489 млн теңгеден аса қаржы бөлінген. Бас мердігер соның өзі жетпей қалғанын айтты. Өйткені жобаның жалпы құны 3 млрд теңгеден асады. Сондықтан құрылыстың тұралап қалғанын жасырмайды. Бұл жұмысты партия мүшелері бақылауда ұстайтын болады», – деді облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев.

Аманаттықтар алдағы уақытта білім және құрылыс басқармаларын фракция отырысында тыңдап, қатаң шара қолданатынын жеткізді.