Алматы облысында 800-ден астам құқықбұзушылық анықталды

АСТАНА.KAZINFORM - Алматы облысы прокуратурасының бастамасымен «Айқын нәтиже» жобасын іске асыру мақсатында мейрам және демалыс күндері ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Алматы облысында 800-ден астам құқықбұзушылық анықталды
Фото: Алматы облысының прокуратурасы

Негізгі назар қоғамдық орындарға, ойын-сауық мекемелеріне, жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға, сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге аударылды.

Рейдтердің нәтижесінде 800-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда:

- 10алкоголь өнімдерін тыйым салынған уақытта сатудың фактісі;

- 83 қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу және мас күйінде жүрудің фактісі;

- 66кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуының фактісі;

- 12көлік құралын мас күйінде басқарудың фактісі;

- 292құжатсыз немесе көлік құралын басқару құқығынсыз басқарудың фактісі.

Алматы облысында 800-ден астам құқықбұзушылық анықталды
Фото: Алматы облысының прокуратурасы

Ерекше алаңдаушылық тудырған жағдайлардың бірі компьютерлік клубтардың бірінде түнгі сағат 12-ден кейін 9 жастағы баланың ересектердің қарауынсыз болуы.

Мұндай фактілер тек заңбұзушылық қана емес, сонымен қатар ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді және балалар мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіреді.

Тәжірибе көрсеткендей, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қараусыз жүруі, алкогольді шамадан тыс тұтыну және құқықбұзушылықтарға немқұрайлы қарау көбіне ауыр қылмыстар мен қайғылы жағдайлардың алғышартына айналады.

Облыс прокуратурасы ата-аналарды балаларға көбірек көңіл бөлуге, олардың араласатын ортасын білуге, қайда жүргенін бақылауда ұстауға және болып жатқан жағдайларға бейжай қарамауға шақырады.

-Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстары тұрақты бақылауда және алдағы уақытта да жалғасатын болады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар саны 60 пайызға азайған.