Алматы облысында әкімдіктер жерді заңсыз берген

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында жер қатынастары саласындағы ірі заңбұзушылықтар анықталды. Прокуратура жергілікті атқарушы органдардың жалған шешімдеріне байланысты бірқатар заңсыз әрекеттерді анықтады. 

Алматы облысында әкімдіктер жерді заңсыз берген
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Алматы облысы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде кей әкімдіктердің ресми құжаттарды қолдан жасау арқылы жердің нысаналы мақсатын өзгерткені белгілі болды.

Атап айтқанда, Қарасай ауданында жалпы аумағы 5 гектар ауыл шаруашылығы жерінің нысаналы мақсаты әкімдіктің жалған шешімдерінің негізінде заңсыз өзгертілген. Кейін бұл аумақ 83 жеке жер учаскесіне бөлініп кеткен.

– Прокуратураның талабымен Қарасай аудандық сотының шешімімен жергілікті атқарушы органдардың жалған шешімдері заңсыз деп танылып, күші жойылды, - делінген хабарламада.

Осыған ұқсас заңбұзушылық Іле ауданында да тіркелді. Мұнда жеке тұрғын үй құрылысына жер беру туралы әкімнің шешімі жалған болып шыққан. Прокурорлық қадағалау актісінен кейін сот шешімімен аталған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Аталған фактілер бойынша прокуратураның үйлестіруімен полиция ҚР ҚК-нің 385-бабы 3-бөлігі (жалған құжаттарды жасау және өткізу) бойынша қылмыстық іс тіркеді.

– Қазір тергеу органдары істің барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді, - деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жерді заңсыз бөлген аудан әкімдігінің қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалғанын хабарлағанбыз.

Соңғы жаңалықтар