Алматы облысында алғашқы донорлық операция жасалды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында алғашқы донорлық операция сәтті жасалды.

Донор Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында қайтыс болған. Ағзаны алу шаралары аталған медициналық мекемеде жасалды.
– Клиника мамандары бас миының өлімі диагнозы анықталған 46 жасар ер азаматқа донорлық процесс ұйымдастырды. Операция туыстары марқұмның ағзасын алуға келісім бергенен кейін жүзеге асырылды. Операция кезінде екі бүйрек, жүрек, өкпе және екі көздің қабығы алынды,– деп хабарлады клиниканың баспасөз қызметі.
Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Алмат Тұрысбекұлының айтуынша, бұл операция Қазақстан трансплантология саласындағы маңызды оқиға болды.
– Донор болу-жаңа өмірге мүмкіндік беру. Қазір трансплантацияға мұқтаж адамдардың саны артып келеді. Донор болуға бел буған адамдар өмірді сақтап қалуға көмектеседі және оған мұқтаж жандарға үміт береді , – дейді басқарма басшысы.
Осыған дейін Алматыда қайтыс болған әйел 4 адамға донор болғаны туралы жазған едік.