10:52, 16 Қаңтар 2025 | GMT +5
Алматы облысында автобус жаяу жүргіншіні қағып, мерт қылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы-Жандосов-Бесмойнақ автожолында жол апатынан бір адам мерт болды.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 15 қаңтар күні кешкі уақытта №212 автобус Алматы-Жандосов-Бесмойнақ автожолының 25 шақырымында 42 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы азамат жолдың белгіленбеген жерінен жүгіріп өтіп бара жатқанда болған.
- Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан аудандық ауруханада көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін «Алматы-Өскемен» автожолында әскери техника жол апатына ұшырағанын жазған едік.