Алматы облысында биыл 181 көшеге атау беріледі
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында ономастикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өткен жылы өңір бойынша 678 көшеге атау берілген. Сондай-ақ атауы қайталанған не мүлде қойылмаған көшелердің мәселесі шешімін тапқан. Одан бөлек 154 көшеге соғыс ардагерлерінің есімі берілген.
Комиссия отырысында биыл 181 көшеге атау беру туралы ұсыныстар қаралды. Олар «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерінен іріктеліп алынған. Жиында көше атауларының дұрыс жазылуын бақылау, аншлагтарды бірыңғай талапқа сәйкес орналастыру, заңнама талаптарының сақталуын күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Еске салайық, 2025 жылы Алматыда 156 көшеге жаңа атау берілді. Олардың қатарында Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің, ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов және вьетнамдық қоғам қайраткері Хо Ши Мин және Ұлы Отан соғысының ардагері Шәңгерей Жәнібековтің есімдері бар.
Ал 2024 жылы Алматыда Гагарин даңғылының бір бөлігіне Ермек Серкебаевтың, Түрксіб аудандарындағы атаусыз көшелерге Ескендір Хасанғалиев пен Юрий Померанцевтің және Әуезов ауданындағы Юбилейная көшесіне Владимир Толоконниковтың есімі қойылды.