Алматы облысында биыл 47 саяжай елді мекендердің құрамына енеді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында барлығы 677 саяжай қауымдастығы бар. 

саяжай
Фото: Назерке Саниязова / Kazinform

Облыс әкімдігінің мәліметінше, саяжай алқаптарының ең көбі Қарасай ауданында — 203. Сондай-ақ Іле ауданында — 118, Талғар ауданында — 151, Еңбекшіқазақ ауданында — 135, Жамбыл ауданында — 21 және Қонаев қаласында — 9 және Алатау қаласында — 40 саяжай бар.

2025 жылы төрт елді мекеннің құрамына 23 бау-бақша қауымдастығын енгізу үшін құжаттаманы дайындау аяқталған. Қазіргі уақытта шекараларды өзгерту жұмысы жүргізіліп жатыр. Осыдан кейін саяжай тұрғындары ресми түрде ауыл тұрғыны мәртебесіне ие болады.

Оның ішінде Қарасай ауданында Көлащы ауылына «Аймөлдір» бау-бақша қауымдастығын және атауы жоқ тағы бір алқапты қосу жоспарланған. Тұрар ауылына бір саяжай алқабы, ал Бекболат ауылына «Саян» бау-бақша қауымдастығы енгізіледі. Еңбекшіқазақ ауданында Азат ауылының құрамына «Энтузиаст», «Алмагүл 2», «Арман 2», «Звездочка», «Виктория», «Достық» және басқа да бірқатар бау-бақша серіктестіктері қосылады.

Биыл тағы үш елді мекен бойынша құжаттар әзірленіп, олардың құрамына 47 саяжай серіктестігін енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданында Бөлек ауылына «Кировец-37», «Дружба», «Таугүл», «Жетісу», «Есік», «Ромашка» және басқа да ондаған алқапты қосу көзделген.

Қарасай ауданында Ұлан және Кемертоған ауылдары құрамына «Каштан», «Жайық», «Шығыс Агро», «Нұр Плаза», «Нават» және «Алаш Орда» алқаптары енгізіледі.

— Жердің нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі саяжай тұрғындары үшін өзекті болып қала береді. Бұл мүмкіндік елді мекендердің бас жоспары мен қала құрылысы құжаттамасына сәйкестігіне байланысты қарастырылады. Нысаналы мақсатты өзгерту тек бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес келген жағдайда ғана рұқсат етіледі, — деп түсіндірді әкімдіктен.

Еске салайық, былтыр Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағын аудан статусы берілді.

Соңғы жаңалықтар