Биыл Қонаевтағы бірқатар саяжайға шағын аудан статусы беріледі
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - 2025 жылы Қонаев қаласының аумағы біршама өседі.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың айтуынша, былтыр “Строительная” саяжайына шағын аудан статусы беріліп, атауы Құрылысшы болып өзгертілді. Бұрынғы саяжайдың электр желілері толығымен «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ иелігіне өткен. Сондай-ақ бұл шағын ауданға ауыз су және кәріз суы құбырларын тарту үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірлене бастады.
- Қала аумағында 7 саяжай қалды. Қазіргі таңда сәулет және қала құрылысы бөлімі кооперативтердің басшыларымен бірлесе отырып, жерді, ғимараттарды, инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымын түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бас жоспарға саяжайлар бойынша түзетулер енгізілді. Енді оны Үкімет бекітуі тиіс. Бұл құжатқа сәйкес, қазіргі саяжайлар аумағында әкімшілік, әлеуметтік нысандарды, кәсіпкерлік ғимараттарын, көпқабатты тұрғын үйлер салу көзделген, - деді қала әкімі.
Еске салайық, бұған дейін Қонаевта Жаңа жылдық безендіруге байланысты аудит жүргізілетінін жазғанбыз.