Алматы облысында бұзылған бөгет: Екі ауылдың халқы эвакуациялануы мүмкін

бөгет
Фото: видеодан алынған кадр

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылуынан Байкент пен Қараой ауылындағы үйлерді су басқан жоқ.

«30 наурыз сағат 15:50–де Іле ауданы Байкент ауылында Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылды. Жарылған бөгеттің ені — шамамен 4-5 метр. Су Жармұхамет өзенінің негізгі арнасымен ағып, ары қарай Амангелді 1 және Амангелді 2 тоғандарына құяды, онда барлық шлюздер ашық. Су транзиттік режиммен өте отырып, ары қарай Қаскелең өзеніне, одан соң Қапшағай су қоймасына құяды» деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік сондай-ақ Байкент, Қараой ауылдарында тұрғындардың үйлерін су баспағанын хабарлады.

«Бүкіл тұрғындарға эвакуациялау мүмкін екендігі хабарланды. Алайда, су басу немесе зардап шеккендер болған жоқ» делінеді хабарламада.

Еске салайық, кеше Іле ауданы Байкент ауылдық округіндегі Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылған болатын.  

Айта кетейік, 31 наурыз сағат 01:30-дан бастап Ащылысай көлінде су деңгейінің көтерілуі және Қараой ауылын су басу қаупіне байланысты «Байсерке-Междуречинск» тасжолының 23-42 шақырымы (Алматы қаласынан Чапаев ауылына дейін) жабылған.  

Соңғы жаңалықтар