Алматы облысында қазақтың қабырғалы қаламгері Бердібек Соқпақбаевқа ескерткіш ашылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының Райымбек ауданында қазақтың қабырғалы қаламгері Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы жалғасып жатыр. Бұл туралы 24.kz сайты жазды.
Бүгін Нарынқол ауылындағы орталық саябақта жазушының ескерткіші ашылды. Мерейтойлық шаралар Сарыжаз бен Қарасаз ауылының ортасындағы жазық далада ұйымдастырылған дала қызықтарына ұласты.
Қазаққа «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» сияқты 20-дан астам шығарма сыйлаған Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлға. Оның әр әңгімесі мен повесі классикалық туындыға айналғанын қолына қалам ұстаған ағайын мен оқырман қауым жақсы біледі. 100 жылдық мерейтойға орай қаламгердің туған жері Нарынқолда еңселі ескерткіш орнатылды. Оны Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашып берді.
— Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы еліміз бойынша жоғары деңгейде аталып өтуде. Осы ретте бұл атаулы дата өңірлік, мемлекеттік ауқымда ғана емес, ЮНЕСКО аясында да кеңінен тойланып жатыр. Бұл жазушының әлемдік деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі. Президентіміз осы шараның маңызына баса мән беріп баршаңызға ыстық ықыласы мен жылы лебізін жолдады. Ұлтымызға рухани бағдар болатын осындай ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау енселі елдік пен салихалы сабақтастықтын жарқын көрінісі, — деді Мәулен Әшімбаев.
Жазушының 100 жылдығына орай Нарынқолда республикалық ақындар айтысы өтіп, өнер мектебінің оқушылары салған суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Ол Соқпақбаев көтерген сан-түрлі тақырыптарға арналды. Республикалық ақындар айтысында Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды.
— Бүгін енді Бердібек ағамыздың тұғыры бір мәңгілік ескерткіш халықтың көкейінде, жүрегінде сақталған ардақты азаматтың ескерткіші ашылып, үлкен ұлттық ойларға ұласатын шаралар өтіп жатыр. Мұның бәрі де осы сөз зергері шынайылықты серік еткен жазушының 100 жылдық мерейтойы. Тек қана Қазақстанда ғана емес, биыл ол Парижде ЮНЕСКО-ның шеңберінде аталып өтетін болып жатыр, — деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
Мерейтойлық шаралардың екінші күні қазақ эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мен балуандар күресі, бәйге сияқты дала қызықтарына арналды. Жеңімпаздар темір тұлпарға ие болады. Бердібек Соқпақбаев өзінің өлмейтін, өшпейтін, қазақ әдебиетінің жауһарына айналған асқақ та биік, шынайы шығармалары арқылы мәңгі жасай бермек.