Алматы облысының тұрғыны дүниеге екінші рет үшем әкелді

Алматы облысы
Фото: Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасында үшем дүниеге келді.

Медициналық мекеме мәліметінше, көпбалалы ананың үшемге аяғы ауыр екенін білген кезден бастап Жамбыл аудандық орталық ауруханасы дәрігерлерінің ерекше бақылауына алынды.

Алматы облысы
Фото: Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан

30 апталық мерзіміне жеткенде жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылды. 32 аптасында сәбилер кесарь тілігі арқылы дүниеге келді. 

«Нәрестелер 2 170, 1 490, 1 900 грамм салмақпен дүниеге келді. Алғашқы күндері сәбилердің жағдайы ауыр болып, инвазивті емес SIPAP аппаратында жатты. Тек жетінші күні көпбалалы ана сәбилерімен қайта қауышты. Дәрігер акушер-гинекологтар, неонатолог-реаниматологтар және медбикелердің көмегімен жаңа туған нәрестердің әрқайсысы үш аптаның ішінде 500-ден 1 келіге дейін салмақ жинады», - дейді жоғары санатты акушер-гинеколог Гүлжахан Жұмадулаева. 

Бір ұл, екі қызды болған бақытты ата-ана Шолпан Мамашева мен Жарқын Бағлаев балаларға Ділнәз, Гүлнәз,Темірлан есімін берді.

Үшем
Фото: Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасынан

«Мен үшемді екінші рет босануым. 2020 жылы табиғи жолмен сәбилерімді туамын дегенде жағдайым күрт нашарлап, нәрестелерім шала туған еді. Дәрігерлер бар күшін салса да, тек бір баламды құтқарып қалды. Бұл жолы мен жүктілікке мұқият дайындалдым, білікті дәрігерлерді таңдадым және барлық қажетті процедурадан алдын ала өттім. 30 аптада мен Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының перзентханасына түсіп, жоспарлы кесарь тілігі арқылы босандым. Сәбилер мерзімінен бұрын дүниеге келді, сондықтан жағдайы ауыр болды. Бірақ, мен дәрігерлерге сендім және періштелеріммен кездесуді күттім. Босанғаннан кейінгі үшінші аптасында мен балаларымды аман есен перзетханадан шығаруға дайын тұрмын. Енді сегіз баланың анасымын», - дейді Шолпан Мамашева. 

Айта кетейік, 2023 жылы Алматы облысында 26 825 бала дүниеге келді, оның ішінде 233-і егіздер және бір рет үшем дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар