Алматы облысында кітапхана 1 млн тұратын кітапты 14 млн теңгеге сатып алмақ болған

Алматы облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің еріктілері мемлекеттік сатып алу порталын мониторингтеу барысында бағаны 18,5 млн теңгеге көтеру фактісін анықтады, деп хабарлайды Кazinform.

кітап
Фото: Pexels

Ведомство мәліметінше, Іле аудандық кітапханасы 14 млн теңгеге бір кітап жинағын және 6 млн теңгеге кітап оқуға арналған компьютерлік құрылғы сатып алмақ болған.

Алайда еріктілер кітап жинағының орташа бағасы - 1,1 млн теңге, ал кітап оқуға арналған компьютерлік құрылғының бағасы 360,9 мың теңге тұратынын анықтады.

Бұл ретте аудандық кітапхана бағаны 18,5 млн теңгеге көтерді.

Осыған байланысты еріктілер Іле ауданының мәдениет бөліміне бағаны қайта қарау жөнінде ұсыныс жіберді.

Нәтижесінде конкурс өтпейтін болды, бөлінген 20 млн теңге бюджетке қайтарылды.