Алматы облысында мектеп-интернаттың лауазымды тұлғалары ақша жымқырған
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысында «Облыстық №3 арнайы мектеп-интернаты» КММ-нің директоры, оның орынбасары және бас бухгалтері жалған жұмысқа орналастыру арқылы 5,8 млн теңге бюджет қаражатын заңсыз иемденген. Сот үкімімен лауазымды тұлғалар кінәлі деп танылып, әртүрлі жазаға сотталды.
Алмат облыстық прокуратурасының хабарлауынша, аталған фактіні Қарасай ауданының прокуратурасы анықтаған. Тексеру барысында мекеме басшылығы еңбек қызметін нақты атқармаған адамдарды жұмысқа жалған орналастыру арқылы бюджет қаражатын иемденгені белгілі болды.
Прокуратура материалдары бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді.
Сот үкімімен мектеп-интернаттың лауазымды тұлғалары кінәлі деп танылып, әртүрлі жазаға сотталды.
Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының заңды пайдаланылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.
Осыған дейін Петропавл мектебінде 89 млн теңге жымқырылғаны туралы жаздық.