Алматы облысында мемлекет меншігіне өткен екі шарап зауыты сатылымға шығарылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Алматы облысындағы екі нысанды аукционға қойды.
Қарасай ауданы
Электрондық сауда-саттық порталында сатылымға шығарылған алғашқы нысанның бағасы — 739 889 319,00 теңге. Лотта көрсетілген ақпарат сәйкес, бұл — шарап-арақ өнімдерін шығаратын зауыт және ол 1999 жылы салынған. Оның ішіне әкімшілік ғимарат, өткізу пункті, бірнеше қойма, сондай-ақ ыдыс цехы, механикалық цех, сорғы станциясы және өзге де объектілер кіреді.
Зауыт орналасқан жердің көлемі — 2,36 га, ал ондағы нысандардың жалпы ауданы 7 245,4 шаршы метр. Ол Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, Қабанбай батыр көшесі, 1 мекенжайында орналасқан. Сатып алушы зауыт үшін кепілдік жарна ретінде 110 млн теңге енгізуі міндетті. Сауда-саттық 2026 жылғы 8 желтоқсан сағат 10:00–де басталады.
Талғар ауданы
Аукционға қойылған екінші нысан да шарап зауыты. Жалпы ауданы 6 109,7 шаршы метрге жететін өндірістік кешен көлемі 3,0331 гектар болатын үш жер учаскесінде орналасқан. Мекенжайы — Алматы облысы, Талғар ауданы, Панфилов ауылы, Хантау көшесі, 23-учаске. Сауда-саттық биыл 10 желтоқсан күні сағат 10:00–де басталады. Бастапқы бағасы — 431 671 631,00 теңге.
Көрсетілген мәлімет бойынша мүлік құрамында шарап зауытының негізгі ғимараты, шарап сақталатын жертөле және зертхана бар. Одан бөлек әкімшілік-тұрмыстық корпусы бар қойма, күшті сусындар цехы, спирт қоймасы, қазандық және өткізу бекеттері қарастырылған. Сатып алуға ниет білдірген тұлға кепілдік жарнаға 64 млн теңге төлеуі қажет.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүй сатылды.