Алматы облысында миллиардтар бөлінген Мәдениет үйінің құрылысы тоқтап тұр

ҚОНАЕВ. KAZІNFORM – Мәжіліс депутаттары Алматы облысындағы Мәдениет үйінің құрылысын сынға алды.

Мәдениет үйі
Фото: «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы

«AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі мәлім еткендей, құрылысты аяқтауға 800 млн теңгеден астам қаржы жетпейді. 

Мәдениет үйі
Фото: «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы

Өтеген батыр ауылындағы 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы бірнеше жылға созылып келеді. 2022 жылы басталған жоба 2023 жылдың маусым айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда жұмыс тек жартылай ғана аяқталған. Жобаға жауапты тараптардың әрекеті мен қаржының дұрыс игерілмеуі Мәжіліс депутаттарының назарын аударды.

«AMANAT» фракциясының мүшелері Жанарбек Әшімжанов, Максим Рожин және Мақсат Толықбай Іле ауданына арнайы келіп, нысанның құрылыс барысымен танысты. Олар жергілікті билік пен мердігер компания өкілдерімен кездесіп, жұмыс барысы мен қаржыландырудың мәселелерін талқылады. 

Мәдениет үйі
Фото: «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы

Мәжіліс депутаты Максим Рожиннің айтуынша, жоба бастапқыда дұрыс жасалмаған. Кіреберіс бөлігі қате жоспарланып, жер мәселесі бойынша да дау туындаған. Құрылысқа қажетті қаражат уақытында бөлінбей, мердігер өз қаражатымен жұмысты жалғастырған. Нәтижесінде, құрылыс қымбаттап кеткен.

– Бұл – өңірдің әлеуметтік дамуы үшін өте маңызды жоба. Нысанның құны 2,2 млрд теңге деп бекітілген. Ғимараттың жалпы аумағы – 5 588 шаршы метр. Қаржы кезең-кезеңімен бөлініп келеді. Дегенмен жұмыс тиісті деңгейде орындалмаған. 2023 жылы пайдалануға берілуі керек еді, бірақ тек 50-55%-ы ғана дайын. Құрылыс тоқтап тұр. Бұл жерде бақылаудың жеткіліксіздігі анық байқалады. Халыққа уәде берілген болса, оны орындау – біздің ортақ міндетіміз. Біз бұл мәселені қатаң бақылауға аламыз және барлық жауапты тараптан нақты әрекет талап етеміз, – дейді депутат.

Ал Іле аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күнесбайдың мәліметінше, 2022 жылы 150,1 млн теңге, 2023 жылы 857,6 млн теңге бөлінген. 

Мәдениет үйі
Фото: «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы

– 2024 жылы 225 млн теңге бөлінді. Қосымша шығындарға байланысты 2023 жылдың маусым айында тағы 404 млн теңге бөлінген болатын. Соған қарамастан, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмады. Өткен жылдың сәуірінде мерзімді тағы ұзарту туралы келісім жасалып, жобаның аяқталу уақыты 2025 жылдың шілдесіне шегерілді. Құрылысқа жауапты мердігер – «AK Construction Company» ЖШС. Қазіргі таңда құрылысты толық аяқтау үшін қосымша 805 млн теңге қажет, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Айдос Күнесбай.

Айтуынша, қаржыландырудың жеткіліксіздігімен қатар, бақылаудың әлсіздігі де құрылыстың тоқтап қалуына себеп болды. 

Мәдениет үйі
Фото: «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы

– Басқа өңірлерде мұндай нысандарды 9 айдың ішінде салып бітіреді. Ал бұл жерде құрылыс бірнеше жылға созылып отыр. Бұл – жергілікті биліктің талапшылдығының жоқтығын көрсетеді. Мердігер компания мен тапсырыс беруші тараптар мәселені жылдам шешуі керек. Біз бұл мәселеге көз жұмбаймыз. Маусым айында құрылыс аяқталды ма, жоқ па, қайта келіп тексереміз. Егер жұмыс бітпесе, қосымша шаралар қабылдаймыз, – дейді Максим Рожин.

Қазір құрылысқа қажетті қаржыны бөлу мәселесі Алматы облысының бюджет комиссиясына жолданбақшы. Бірақ қаржының нақты қашан бөлінетіні және нысанның қашан аяқталатыны белгісіз. Депутаттар бұл мәселені қатаң бақылауға алатынын мәлімдеді.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін облыста 25 Мәдениет үйінің құрылысы мен 27 мәдени нысанның сапалы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған.

Биыл 9 Мәдениет үйінің құрылысы мен 6 мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Осыған дейін Қонаевта Жаңа жылдық безендіруге байланысты аудит жүргізілетіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар