Алматы облысында пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылып жатыр
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында 81,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
Алматы облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Кенесбаевтың сөзінше, өңірде пайдаланылмай келген 1322 жер учаскеге бөлінген 393,1 мың гектар жер анықталды.
«Пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару — облыстың жер ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін стратегиялық міндет. Біз әр гектар ауыл шаруашылығы жері қоғам мен экономикаға пайда әкелуі үшін жұмыс істеп жатырмыз», — деді Аманжол Кеңесбаев.
Қазір 81,4 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл соңына дейін тағы 70,0 мың гектар жерді қайтару жоспарда.
«Кейбір жағдайларда пайдаланылмай жатқан жерлер сот шешімдері арқылы мемлекет меншігіне қайтарылады. Мысалы, жалпы көлемі 31,9 мың гектар болатын 63 жер учаскесі бойынша жалға алу шарттарын бұзу туралы сот шешімдері қабылданды. Сонымен қатар, көлемі 49,4 мың гектар болатын 246 жер учаскесі ерікті түрде және басқа да жолдармен мемлекет меншігіне қайтарылды», — деп атап өтті ол.
Жер қатынастары басқармасы сондай-ақ жерге салынатын салықтың тиімділігін арттыру үшін 162,3 мың гектар жерге арналған 454 материалды 20 есе салық ставкасын арттыру үшін хат жібергенін хабарлады.
«Мемлекеттік кірістер департаментіне 18,2 мың гектар жерді қамтитын 164 учаске бойынша жоғары салық ставкаларын қолдану үшін материалдар жіберген. Қазір басқармада тағы 74,3 мың гектар жер бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», — деді басқарма басшысы.
Осыған дейін өңірде жалпы аумағы 72,9 мың гектар болатын, 257 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылғаны туралы жазған едік.