Алматы облысында полиция қызметкерін көлігімен сүйреп өткен жүргізуші ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізуші полицейді өз көлігімен бірнеше метрге сүйреп өтті.
Байсейіт ауылында сеніп тапсырылған учаскені бақылау кезінде, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, полиция капитаны Қанат Темірбаев пен Эльдар Махмудов жол ережесін бұзғаны үшін Toyota Ipsum автокөлігін тоқтатқан.
- Хаттаманы толтыру кезінде Достық ауылының 34 жасар жүргізушісі заңды талаптарға бағынудан бас тартты. Полицейлерді елемей, көлікке отырып, капитан Темірбаевтың саусақтарын есігімен қысып қалғанына қарамастан, орнынан жылдам қозғалып, офицерді шамамен 10-15 метр сүйреп өтті. Полиция қызметкері тас жолдың үстіне құлап, жарақат алды, - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнынан қашқан құқықбұзушы көп ұзамай ұсталып, Шелек ауылының полиция бөліміне жеткізілген. Оның үстінен билік өкіліне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, оған жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында атыс болып, үш адам зардап шеккенін жазғанбыз.