Алматы облысында республикалық жолдарды жөндеуге 22 млрд теңге жұмсалады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында биыл 376 шақырым республикалық жол жөндеуден өтеді.

Алматы облысында республикалық жолдарды жөндеуге 22 млрд теңге жұмсалады
Фото: ҚАЖ

«ҚазАвтоЖол» Алматы облыстық филиалының мәліметінше, өңірдегі республикалық жолдардың жалпы ұзындығы — 1734 шақырым. Оның ішінде І-санаттағы автомобиль жолдарының ұзындығы 800 шақырымнан асады, жалпы үлесі — 46 пайыз.

2026 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 376 шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Оны іске асыруға 22 млрд теңге бөлінген.

— Қазіргі уақытта жұмыстар республикалық маңызы бар 8 автомобиль жолында жүргізіліп жатыр. Жол жөндеу маусымының басты ерекшеліктерінің бірі — заманауи технологияларды кеңінен қолдану. Әсіресе, recycling (қайта өңдеу) технологиясы ерекше маңызға ие. Бұл технология қолданыстағы асфальтбетон жабынын қайта өңдеп, оған инертті материалдар мен цемент қосу арқылы жол негізін күшейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде берік негіз қалыптасып, оның үстіне жаңа асфальтбетон жабынының екі қабаты төселеді, — деп хабарлады облыстық филиалдан.

Қазіргі уақытта аталған технология «Кеген — Нарынқол», «Көкпек — Кеген — Түп», «Алматы — Төнкеріс — Байсерке — Междуреченск» автомобиль жолдарының учаскелерінде қолданылып жатыр.

Еске салайық, «Қызылорда — Сексеуіл» жолы халықаралық стандартқа сай қайта жаңартылады.