Алматы облысында шәкірттерін ұрған ұстазды ҚМДБ жұмыстан шығарды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Қарасай ауданындағы мешітте сабақ кезінде жасөспірімдерді ұрған ұстаз жұмыстан шығарылды.
Әлеуметтік желіде мешіттегі оқу сыныбына орнатылған бейнебақылау камерасына түсірілген видео тарады. Видеода оқытушының жасөспірімдерді бірнеше рет ұрып, қамшыға ұқсас затпен “тәрбиелемек болғанын” көруге болады.
ҚМДБ оқиға биыл маусымда "Түркістан-1" мешітінде болғанын растады. Мешітте "Имани жаз" атты діни сауаттылық бойынша жазғы сабақтар өткен.
Діни басқарманың мәліметінше, оқушылар арасында жанжал туындаған. Мешіт оқытушысы Дүйсенхан Нұрберді балаларды тәртіпке шақырмақ болған дейді.
- Дүйсенхан Нұрберді эмоцияға беріліп, педагогикалық әдепке сай келмейтін әрекетке жол берген. Оқиға туралы ақпарат тарағаннан кейін мешітте арнайы жиын өткізілді. Оқытушы өз қателігін мойындап, оқушылардың ата-аналарынан кешірім сұраған, - деп мәлімдеді ҚМДБ.
Сондай-ақ ҚМДБ ата-аналардың оқытушыға қатысты шағымы жоқ екенін жазбаша түрде растап, тиісті бейнежазбаларды ұсынғанын хабарлады.
Осы жайттан соң, Дүйсенхан Нұрберді мешіт оқытушысы қызметінен босатылды.
Алматы облыстық полиция департаменті “кәмелет жасқа толмаған баланы ұрып-соғу” дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
- Қазір кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына қатысты қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы бақылауда. Мұғалімнің әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі, - делінген хабарламада.
Еске салайық, кәмелет жасқа толмаған балаларды мешіт ішінде ұрып-соққан ақтөбелік сотталған еді.