Алматы облысында шомылу маусымында 14 адам суға кетті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстағы шомылу маусымы мен құтқару жұмыстарының нәтижесі айтылды.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дидар Асқарбекұлы адамдардың қаза болу жағдайларын азайту үшін кең ауқымды жұмыстар атқарылып, бақылау күшейтілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, биылғы маусымда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының жоспары» қабылданып, тәулік бойы бақылау және арнайы рейдтер ұйымдастырылды. Құтқару қызметтеріне волонтерлер мен әскери бөлімшелер де белсене қатысқан.
- 2024 жылғы шомылу маусымында суға батып қаза болғандар саны өткен жылмен салыстырғанда едәуір азайды. Биыл 14 адам суға батса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 18 болды. Ерекше қуантарлық жайт – биыл балалардың суға бату оқиғалары тіркелмеген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шомылуға рұқсат етілген орындардың саны да едәуір артты. 2023 жылы тек 7 орын рұқсат етілсе, биыл олардың саны 103-ке жетті. Оның ішінде 7 коммуналдық және 96 жеке жағажай қызмет көрсетті, - деді Дидар Асқарбекұлы.
Сонымен қатар, ол жағажай аймақтарын бақылау кезінде дрондарды пайдалану өз тиімділігін дәлелдегенін атап өтті.
- Дрон бірнеше шақырым жағалауды бақылауға мүмкіндік береді, бұл бір адамның немесе құтқару командасының қолынан келмейтін жұмыс. Бұл өте жақсы тәжірибе және біз оны одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Дрондардың санын көбейтіп, олардың ұшуын аэронавигациялық қызметтермен келісу процесін оңтайландыруды көздеп отырмыз, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қонаевқа келушілер былтырғыдан 300 мыңға артқанын жазғанбыз.