Алматы облысында су басу қаупі бар 27 елді мекен анықталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысында көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстары басталып кетті. Бұл туралы өңірілік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Дәурен Азаматов айтты.
Спикердің сөзінше, Алматы облысында су басу қаупі бар 27 елді мекен бар. Оның 7-еуінде қауіп толығымен жойылып, 20 нысанда қауіп төмендетілді.
«Аймақтағы елді мекендерден 3 мыңнан астам текше метр қар шығарылды. 154,8 шақырым арық желілері, 48,2 шақырым канал, 87 бірлік автожол және 7 бірлік темір жол астындағы су өткізу және 27,2 шақырым су бұру каналдары қазылды», - деді Дәурен Азаматов.
Сонымен қатар ол Еңбекшіқазақ, Талғар, Кеген және Қарасай аудандарының 12 елді мекенінде жергілікті және республикалық маңызы бар жолдардағы 88 су өткізу құбыры ауыстырылып, 435 шақырым арық-канал жүйесі қайта жаңартылғанын атап өтті.