Алматы облысында тәркіленіп, айып тұрағында тұрған көлік тоналған

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мемлекет пайдасына өндірілуі тиіс, тәркіленген Volvo жүк көлігі тоналып, Mercedes автокөлігін тығып қойған. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті.

Алматы облысында тәркіленіп, айып тұрағында тұрған көлік тоналған
Фото: Қарағанды облысы прокуратурасы

Алматы облысы прокуратурасы жүргізген тексеру нәтижесінде тәркіленіп, айып тұрағында тұрған мүліктердің тоналғаны анықталған.

— Құны 100 млн теңгеден астам тұратын «Volvo FH» маркалы жүк көлігі әкімшілік іс бойынша тәркіленіп, мемлекет кірісіне өндірілуі керек болған. Алайда айып тұрағында тұрған жерінен жүк көлігі бөлшектеліп, ұрланған. Сонымен қатар, тәркіленуге жататын басқа да мүлікті жасыру фактісі ашылды, — делінген хабарламада.

Қылмыстық іс аясында құны 8 млн теңге болатын «Mercedes E350» маркалы көлік күдіктінің әкесіне сақтауға берілген. Кейіннен сот бұл көлікті мемлекет пайдасына өндіру туралы шешім шығарған. Бірақ соттың шешіміне қарамастан, күдіктінің әкесі сақтау міндетін орындаудан бас тартып, көлікті тығып қойған.

Анықталған құқық бұзушылықтар туралы сотқа дейінгі тергеу органдарына түпкілікті шешім қабылдау үшін құжаттар жолданды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін ШҚО-да инвесторға жер заңсыз берілмей келгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар