Алматы облысында тұрған ескі автобустардың бір тобы аукционда сатылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында істен шыққан автобустардың бір тобы сатылды.
Сауда-саттықты e-Qazyna порталы арқылы Іле ауданының экономика және қаржы бөлімі жүзеге асырып жатыр. Бағалау есебіне сәйкес, 29 автобус Іле аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің меншігінде болған. Тізімге Golden Dragon және Yutong сияқты жеті маркалы автобустар кірді.
Е-Qazyna порталындағы лоттардың ақпаратына сәйкес, барлық автобустардың техникалық жағдайы нашар және жарамсыз деп танылған. Олардың арасында 2016–2018 жылдары шығарылған ГАЗ, ЛИАЗ және ПАЗ маркалы автобустары да бар. Есептен шыққан көліктер Алатау қаласының Жетіген шағынауданында орналасқан.
Жалпы биыл қыркүйек айынан бері ақауы бар 16 автобус сатылған. Олардың бастапқы бағасы шамамен 6,56 млн теңге болса, сауда қорытындысы бойынша көліктер 5,49 млн теңгеге сатылды.
Ең арзан лот – 2018 жылы шығарылған ЛИАЗ-529265 автобусы болды. Бастапқы бағасы 765,7 мың теңге және бағалау құны 255,2 мың теңге болғанымен, ол 50,5 мың теңгеге сатылды.
Бағасын төмендету арқылы саудаға шығарылған басқа автобустар 35,6–51,4 мың теңге аралығында өткен. Ал ГАЗ маркалы автобустарының саудасы бағаны көтеру аукциондары арқылы өтті. Мысалы, бастапқы бағасы 61,8 мың теңге болған солардың бірі 1,08 млн теңгеге сатылды.
Еске салайық, былтыр Алматы әкімдігі ескі автобустарды 160 миллион теңгеге сатты.