Алматы облысында тұрғындар шағымнан кейін аудан әкімі сөгіс алды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысындағы бірнеше ауылда жарық пен су жоқ.
Алматы облысы Қарасай ауданындағы бірнеше ауылда жарық пен су өшірілген. Бұл жағдайға наразы болған тұрғындар жиналып әлеуметтік желіде бейнеүндеу жасады.
Олардың айтуынша, коммуналдық төлемді жинайтын компанияның берешегі жиналып қалған. Соның салдары ауыл азаматтарына тиіп отыр. Бірақ тұрғындар бұл компанияға өз үйлері үшін төлемді еш кешіктірусіз төлеп жүргендерін атап өтті.
Аталған жағдайға байланысты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында түсініктеме берді.
Айтуынша, Қарасай ауданындағы бірқатар елді мекен мен саяжай алқаптарында электр энергиясының сөнуі мен сумен жабдықтауға қатысты тұрғындардың өтініштерінен хабардар. Ол осы мәселеге байланысты аудан әкімдігі, энергетика басқармасы және жарыққа жауапты мекемелердің басшыларымен шұғыл жиналыс өткізгенін атап өтті.
- Мендегі мәлімет бойынша, жарықтың өшірілуіне жекелеген компаниялардың жауапсыздығы себеп болған. Атап айтқанда тұрғындардан электр энергиясы үшін ақша жинайтын «BeyAzh Trans» серіктестігі «Алатау Жарық Компаниясына» қарыз болып қалған. Берешекті өтеу бойынша бірнеше рет ескерту жіберілгенімен, қордаланған қарыз жабылмаған. Сол себепті жарыққа жауапты компания электр энергиясын беруді тоқтатқан. Бұл жерде қарапайым халықтың еш кінәсі жоқ. Тұрғындар біреудің қарызы үшін зардап шекпеуі керек. Бұл менің нақты ұстанымым, - деп жазды әкім.
Сондай-ақ Марат Сұлтанғазиев әкімдік жауапкершілікті өз мойнынан ысырып тастамайтынын айтты.
Оның сөзінше, жұмысты ұйымдастыра алмағаны және халықты жарықсыз қалдырғаны үшін Қарасай ауданы әкіміне сөгіс жарияланып, өзге де жауапты тұлғаларды жауапқа тарту мәселесі қаралып жатыр. Одан бөлек жауапты органдарға берешектің туындау себептерін жан-жақты зерделеп, оны шешудің нақты жолдарын ұсынуды тапсырылған.
- Мәселені уақытша емес, жүйелі түрде шешу қажет. Электр энергиясын есепке алу жүйесін жетілдіру, дербес есепшоттарға көшу және инфрақұрылымды басқаруды реттеу бағытында нақты шаралар қабылданатын болады, - деді ол.
Сондай-ақ облыс әкімі жағдай жеке бақылауында екенін атап өтті.
Еске салайық, кеше Алматы зообағында бірнеше нысан жанып кетті.