Алматы облысында ҰОС ардагерлері дауыс берді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында мәслихат сайлауында соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен ғасыр жасаған қариялар өз таңдауын жасады.
Іле ауданында тұратын 103 жастағы соғыс ардагері Тәңірберген Толғанбаев пен Жамбыл ауданындағы 99 жастағы майдангер Федор Ковалев үйден дауыс берді.
Одан бөлек Райымбек ауданының Сарыбастау ауылында тұратын 103 жастағы Раушан Нұрақынова да өз таңдауын үйінде жасады. №781 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін алып, кейуананың үйіне арнайы барды. Кеген ауданында тұратын 104 жастағы тыл ардагері Күлпара Шортанова да сайлауға белсенді қатысты. №573 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері дауыс беру жәшігін жеткізді.
Ал Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында тұратын 105 жастағы Аятхан Шәріпқожа сайлау учаскесіне келіп дауыс берді.
- Ең бастысы – еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. Жастарымыздың болашағы жарқын болып, елдің, өңірдің дамуына еңбек ететін азаматтар көбейсін, – деді Аятхан апа.
Еске салайық, ел бойынша 3 447 депутаттық орынға 10 971 үміткен тіркелген. Оның 1 219-ы партиялық тізімге енген, ал 9 752-сі бірмандатты округтер бойынша үміткер.
Әрбір мандат үшін орта есеппен үш адамнан бақ сынайды. 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат, ал 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.