Алматы облысында үш ауысымды мектептер екі жылда жойылады – өңір басшысы
Алматы облысындағы үш ауысымды мектептер мегаполис маңында жиі кездеседі. Бұл мәселені шешу үшін жаңа ғимараттар салынып, ескі мектептер кеңейтіліп жатыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Бағдарлама жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан Алматы облысы үш ауысымды мектеп бойынша көш бастап тұрғанын айтты. Ал, Алматы облысының әкімі мегаполис айналасында үш ауысымды мектептер азайғанын тілге тиек етті.
«Талдап қарасақ, үш ауысымды мектептер 4 ауданымызда жиі байқалады, олардың төртеуі де Алматы қаласының төңірегінде орналасқан. Адамдар көптеп сол аудандарға ағылады. Ал шалғай аудандарда керісінше бір ауысымды ғана мектептер, кейде бала саны жетіспейтін мектептер болады. Мегаполис айналасында былтыр үш ауысымды 53 мектеп болса, қазір 44-ке азайды. Біз 8 жаңа мектеп салдық, кей мектептерді жөндеуден өткізіп, кеңейттік. «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы 53 мектеп саламыз және демеушілер есебінен екі білім ошағы салынуда. Осылайша, үш ауысымды мектеп мәселесін біраз жылға тоқтатамыз. Әрине, мектептің жағдайын дұрыстамай, оқу сапасын жақсарту өте қиын», - дейді өңір басшысы.
Өз кезегінде Марат Сұлтанғазиев облыстағы мектеп тапшылығы мәселесі 2025 жылдың аяғында толық шешіледі деп уәде берді.
«Былтыр жаңадан келгенімде «Ең үздік 100 мектеп» тізіміне Алматы облысының бірде-бір мектебі енбеген. Биыл сол бойынша жұмыс бастадық. Көктемде Білім-Инновация лицейлерімен бірлескен жұмысты бастадық. Олар біздің мұғалімдерді арнайы оқытудан өткізді. Соның арқасында қазір біздің балаларымыз математика сынды республикалық олимпиадаларда жүлделер алып жүр», - деді ол.
Айта кетейік, Алматы облысында мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 13 мыңға көбейеді. Өңірде халық санының артуына байланысты баспана салу көрсеткіші де артып келеді.