Алматы облысында заңсыз салынған дүкен бұзылды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Еңбекшіқазақ ауданының соты Бәйтерек ауылында заңсыз салынған дүкенді бұзу туралы шешім шығарды.

Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, құрылысқа тапсырыс беруші Еңбекшіқазақ ауданы, Бәйтерек ауылы, Есік-2, 16-линия №482 мекенжайы бойынша дүкенді қажетті рұқсат құжаттарысыз салған.
Атап айтар болсақ, нысан құрылысы жер учаскесіне құқығысыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарын бастау туралы хабарламасыз жүзеге асырылған.
«2024 жылдың 5 маусымында сот тапсырыс берушіні ҚР ӘҚБтК-нің 319-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны 55 380 теңге көлемінде айыппұл төлеуге және заңсыз құрылысты мәжбүрлеп бұзуға шешім шығарды. Осылайша, 28 маусымында объект тапсырыс берушінің еркімен бұзылды»,- деп хабарлады басқармадан.
Сондай-ақ Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы процессуалдық шешім қабылдау үшін ауданаралық әкімшілік және аудандық соттарына 10 әкімшілік материалды жолдады. Олардың ішінде 8 өз бетінше салынған нысан бұзылуға жатқызылды, ал 2 іс әлі қаралып жатыр.
Бұдан бөлек, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қажетті рұқсат құжаттарысыз салынған 5 нысанды бұзу туралы талап арыз берілді. Бұл нысандардың 4-не бұзу туралы шешім шығарылып, бір іс бойынша өндіріс жүргізілуде.
Бұзу туралы нақты шешімдер келесі нысандарға қатысты шығарылды:
1. Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округі, Абай ауылындағы "OrdaTown" көпқабатты тұрғын үй кешені (орындау парағы көрсетілмеген).
2. Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласындағы «Алтын-Бөбек» бөбекжай-балабақшасы» ЖШС (бассейн) спорт кешені (уақытша тоқтатылған).
3. Талғар ауданы Алатау ауылдық округі Байбұлақ ауылындағы көппәтерлі тұрғын үй кешені (шешім заңды күшіне енді, сот орындаушысына жіберілді).
4. Сол ауданның тағы бір көппәтерлі тұрғын үй кешені, мұнда да шешім заңды күшіне енді және сот орындаушысына жіберілді.
Сондай-ақ, Кеген ауданы, Саты ауылдық округі, Көлсай көлі жағалауындағы мейрамхана және қонақүй кешенінің құрылысы бойынша іс сотта қаралуда. Кеген аудандық сотының талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешіміне апелляциялық шағым берілді.