Алматы облысында заңсыз салынған үш нысан бұзылды

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында бірнеше заңсыз нысан бұзылды.

Алматы облысында заңсыз салынған үш нысан бұзылды
Фото: Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы

Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, жоспардан тыс жүргізілген тексерулер нәтижесінде Еңбекшіқазақ ауданында заңсыз салынған үш нысан анықталған. Олар: Рахат ауылындағы дүкен, Ават ауылындағы тұрғын емес ғимарат және Есік қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциясы.

Аталған нысандардың құрылысы тиісті құжаттарсыз және заңнама талаптарын бұза отырып жүргізілген. Нысан иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілген. Алайда бұл талаптар орындалмағандықтан, басқарма сотқа жүгінді.

- Сот шешімдері негізінде үш нысан да меншік иелерінің өз күшімен бұзылды. Заңсыз құрылыс деректерін анықтау және олардың жолын кесу жұмыстары жалғасады, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда заңсыз салынған дәмхана сүрілді.

Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы