Алматы облысында «зейнетақыңды шешіп беремін» деп тұрғындарды алдаған алаяқ ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында алаяқ әйел ұсталды. Ол Еңбекшіқазақ ауданыны тұрғындарын алдап соққан.

Алматы облыстық Полиция департаментінен мәлім еткендей, аудандық полиция бөліміне бірнеше ауыл тұрғынынан шағым түскен.
– Жәбірленушілердің айтуынша, 35 жастағы әйел сенімге кіріп, зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақшаға айналдырып беремін деген сылтаумен олардың ірі көлемдегі қаражатын иемденіп кеткен. Қазіргі таңда келтірілген жалпы шығын көлемі 1,5 млн теңгеден асады, - деп хабарлады ведомстводан.
Қазір күдіктінің 40-тан астам алаяқтық дерегі анықталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Алматы қаласының тұрғыны ұсталды.
– Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазір күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, - деп атап өтті департаменттен.
Бұған дейін Алматы облысында қаржы пирамидаларынан 12 мың адам зардап шеккені туралы жазған едік.
Бұдан бөлек, ақтаулық 9 адамның 70 млн теңгесін жымқырған алаяқтың 5 жылға сотталғаны туралы жазғанбыз.