Алматы облысында жер қойнауын пайдалану саласында қандай заң бұзушылықтар болған

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының прокуратурасы табиғат қорғау заңнамасының сақталуына талдау жасады.

Прокурорлар 220 шетелдік инвесторды проблемасын шешті
Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

Ведомствоның мәліметінше, облыстың Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы көлеңкелі жер қойнауын пайдаланудың 15 фактісін анықтаған. Олар бойынша ішкі істер органдарымен ҚК-тің 334-бабымен (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) 5 қылмыстық іс тергелуде. Қоршаған ортаға 4 млрд теңгеден астам шығын келтірілді.

Прокуратура қадағалау қызметі барысында пайдалы қазбаларды өндіруге лицензияларды заңсыз берудің 5 фактісін, келісімшарттық аумақтардан тыс жерлерге шығудың 33 фактісін, су қорғау белдеулері шегінде пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізудің 23 фактісін, жер қойнауын пайдалану учаскелерін рекультивациялау жөніндегі міндеттемелерді орындамаудың 70 фактісін және санитариялық-қорғау аймақтарының келісімінсіз және сақталуынсыз әрекет ететін 120-ға жуық жер қойнауын пайдаланушыны анықтады.

«Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша уәкілетті органдардың лауазымды адамдары тәртіптік жауапқа тартылды, 4 млн теңгеден астам сомаға айыппұл түріндегі әкімшілік жауапқа 41 адам тартылды, 7 келісімшарт бұзылды, 30-дан астам жер қойнауын пайдаланушының қызметі тоқтатылды, лицензияларды қайтарып алу туралы 5 талап және жосықсыз жер қойнауын пайдаланушыларды жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюға мәжбүрлеу туралы 20 талап енгізілді (рекультивация)», — деп хабарлады Алматы облысының прокуратурасы.

Бұдан басқа, 24 жер қойнауын пайдаланушы 3 жылдан астам уақыт бойы пайдалы қазбаларды өндіру үшін жер учаскелерін пайдалану құқығын іске асыра алмағаны анықталды. Бұл ретте кәсіпкерлерде жер қойнауын пайдалану құқығы болған кезде жергілікті атқарушы орган жер пайдалану құқығын беру жөнінде шаралар қолданбаған.

Осы себепті жер қойнауын пайдаланушылардың кәсіпкерлік қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Бұл өз кезегінде олардың шығындарына әкелді. Прокуратураның ұсынысы бойынша облыс әкімдігі жер комиссиясын құрды, онда 13 кәсіпкерді нысаналы мақсатқа сәйкестендіру және жер пайдалану құқығын беру туралы мәселе оң қаралды.

«Бұзушылықтарды анықтау және көлеңкелі жер қойнауын пайдалану фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмыс жалғасуда, оның нәтижелері бойынша процестің барлық қатысушыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», — деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

Үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша келесідей шешімдер қабылданды:

— пайдалы қазбалардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық мобильді топ құру;
— пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактілері анықталған кезде қажетті материалдарды жинау және іс-қимыл тетігі бойынша құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін алгоритм әзірлеу;
— жер қойнауын пайдалану саласындағы уәкілетті органдардың бақылау функцияларын күшейту үшін заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу қажеттілігі;
— анықталған бұзушылықтарды жою тәртібін бірлесіп әзірлеу бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс істеп тұрған жер қойнауын пайдаланушылармен өзара іс-қимылы;
— осы учаскелерде өндіруді жүргізуге дайын жұмыс істеп тұрған жер қойнауын пайдаланушылар арасында конкурстық негізде заңсыз жер қойнауын пайдалану орындарын бөлу мүмкіндігін қарау.