Алматы облысында жеті заңсыз құрылыс анықталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Жыл басынан бері Алматы облысында мониторинг топтар рұқсат құжаттары жоқ жеті нысанды анықтады. Жиналған материалдар сотқа жолданды.

Алматы облысы Мемлекеттік cәулет-құрылыс бақылау басқармасынан атап өткендей, жергілікті тұрғындар заңсыз құрылыстардың көбейіп бара жатқанын және олар елді мекендердің көркін бұзып, өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отырғанын айтқан.

– Заңсыз құрылыс – тек заң бұзушылық қана емес, тұрғындар қауіпсіздігіне төнетін қатер және қоршаған ортаға зиян. Біз бұл мәселеге немқұрайлы қарамаймыз және өз бетінше құрылыс салудың кез келген әрекетін қатаң тоқтатамыз, – деді Алматы облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ғабиден Үзенбаев.
Айтуынша, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеру жұмыстары жалғасады.

– Заң бұзушылар айыппұл төлейді, ал заңсыз құрылыстар бұзылады. Айта кетейік, тек соңғы айдың өзінде құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар үшін 8 843 324 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді ол.
Еске салайық, былтыр Алматы облысында 23 заңсыз құрылыстың ісі сотқа жолданған болатын.