Алматы облысында жылусыз қалған тұрғын үйге жылу берілді

Алматы облысы Кеген ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ішіндегі пеш жарылып, тұрғындар жылусыз қалған, деп хабарлайды Kazinform.

Жылу
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, 9 желтоқсан күні Кеген ауданы, Кеген ауылындағы Парковая көшесінде орналасқан төрт қабатты үйдің ішінде орналасқан «BURAN boiler» пеші жарылған. Салдарынан 32 пәтерлі тұрғын үйде тұратын 82 адам жылусыз қалды.

Көпқабатты тұрғын үйдің пешін қалпына келтіру жұмыстары дереу қолға алынды. Пешті қалпына келтіру жұмыстарына ТРЭКОЛ, ГАЗ-66 «Кунг», Камаз АЦ 8-70, Урал 5.5-40, Зил 2.5-40, Kamaz базасындағы вахталау, көп мақсатты өрт сөндіру көлігі (АПМ), Toyota Hilux және УАЗ техникалары жұмылдырылды. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарына пеш ауысқанға дейін қосымша жылумен қамтамасыз етілді.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласынан тұрғын үйге қуаттылығы 270 квт болатын қатты отынмен жылытатын KT-270 маркалы пеш сатылып алынып, арнайы мамандандырылған бригаданың көмегімен монтаждау жұмыстары толық аяқталып (10 желтоқсан сағат 17:00–де) тұрғын үйге штаттық режимде жылу берілді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Тұрғындары облыс, аудан әкімдіктеріне, төтенше жағдай департаментіне алғыстарын білдірді.