Алматы облысында жол апатынан 3 мың адам жылусыз қалды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан газ құбыры зақымданды.

Алматы облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 22 қаңтарда Audi жүргізушісі «19 шақырым – Жамбыл» автожолының 10 шақырымында келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқан. Toyota Camry көлігі соққы инерциясынан жол шетіндегі газ құбырына соғылып, оны зақымдаған. Жол апаты салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, алайда 3 мыңға жуық адам жылусыз қалды.
- Жамбыл ауылында жол апаты болып, нәтижесінде орташа қысымды газ құбыры зақымданды. Осыған байланысты Жамбыл ауылын, Ұлан ауылының бір бөлігін және 19 км аумағын газбен жабдықтау тоқтатылған болатын. Оқиға орнында «АлматыГазсервисХолдинг» ЖШС мамандары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Енді газ 3000 абонентке біртіндеп беріле бастайды, - деп хабарлады Қарасай ауданының әкімдігі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жеке тұлғалардың іс-әрекетінен жерасты газ құбыры зақымданып, 10 мыңға жуық пәтер мен үй газсыз қалғанын жазғанбыз.