Алматы облысында жолды сапасыз жөндеген мердігер ақшаны қайтарып берді
«Көкпек-Кеген-Түп» автожолы осы айдың аяғына дейін жөнделеді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының орынбасары Жасұлан Қалтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Алматы облысындағы «Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар жолды жөндеу «Іскерті» ЖШС-не жүктелген болатын. Алайда аталған компания сапасыз қызмет көрсеткендіктен, «ҚазАвтоЖол» АҚ екіжақты келісімшартты бұзып, мердігер компанияны сотқа берді.
«Серіктестік жолды жөндеуге бөлінген қаржыны қайтарып берді. Қазір бұл қызметпен басқа компания айналысады. Олар ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасап, құрылысты қазан айының соңына дейін аяқтауы тиіс. Ал жолды күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленеді», - деді Жасұлан Қалтаев.
Жалпы, Кеген ауданында барлығы 775 шақырым жол бар. Оның ішінде 68 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда болса, 32 пайызы жөндеуді қажет етеді.