Алматы облысында ЖРВИ жұқтырғандар саны артты
ҚОНАЕВ. KAZINFORM - Алматы облысында жаңа эпидемиологиялық маусым басталғалы бері ЖРВИ белгілерімен 2 399 адам медициналық көмекке жүгінген. Өткен жылмен салыстырғанда ауру 17,5%-ға өскен.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, науқастар санының өсуіне қарамастан, өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
- Науқастардың 1 003-і немесе 41%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 148,43 жағдайға тең. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде ЖРВИ-дің 1 975 жағдайы тіркелген. Ал әзірге өңірде маусымдық тұмау жұқтырғандар анықталған жоқ, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазір ЖРВИ жұқтырған 48 науқас ауруханаға жатқызылған. Науқастар клиникалық көрсеткіштерге сәйкес ауруханаға орналастырылады.
Эпидемиологиялық маусымға орай облыста 301 төсек-орын дайындалған. Қажет болған жағдайда ЖРВИ мен тұмаудың ауыр түріне шалдыққан науқастарға арнап қосымша 246 инфекциялық төсек-орын ашуға болады.
Қазір қандай вирустар таралып жатыр?
Департаменттің мәліметінше, зертханалық мониторинг нәтижелері бойынша осы маусымда анықталған респираторлық вирустардың ішінде риновирус басым. Оның үлесі – 55%. Сондай-ақ РС-вирус (29%), коронавирус (8%), парагрипп (6%) және метапневмовирус (2%) анықталған.
Тұмауға қарсы қанша адам екпе алды?
Биыл эпидемиологиялық маусымға арнап Алматы облысының жергілікті бюджеті есебінен «Гриппол» вакцинасының 110 мың дозасы сатып алынған. Бұған қоса, тағы 50 мың доза вакцинаға өтінім берілген.
Вакцинация 1 қазанда басталды. Бүгінге дейін 26 776 адам екпе алған. Жалпы, 160 мың тұрғынды вакцинамен қамту жоспарланған.
Аурудың ауыр өтуі мен асқыну қаупі жоғары жекелеген санаттағы азаматтарға тұмауға қарсы екпе тегін салынады. Олардың қатарында балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар, созылмалы аурулары бар азаматтар, медицина қызметкерлері, сондай-ақ кейбір әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен қамқорлығындағы адамдар бар.
Қалған тұрғындар екпені өз қаражатына немесе жұмыс берушінің есебінен ала алады. Кәсіпорын қызметкерлеріне вакцина салу үшін көшпелі бригадалар ұйымдастырылуы мүмкін.
Оқушылар қашан қашықтан оқуға көшірілуі мүмкін?
Білім беру ұйымдарында да алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Балабақшаларда, мектептер мен колледждерде күн сайын таңертеңгі медициналық тексеру ұйымдастырылады. ЖРВИ белгілері бар балалар мен қызметкерлер сабаққа және жұмысқа жіберілмейді.
Егер бір сыныптағы оқушылардың 20-30%-ы ауырса, кабинет жүйесі жеті күнтізбелік күнге тоқтатылады. Бұл уақытта оқушылар бір кабинетте отырып, басқа бөлмелерге ауыспайды.
Ал сыныптағы немесе топтағы оқушылардың 30%-ы немесе одан көбі ауырған жағдайда, олар қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Мектепке дейінгі ұйымдарда тиісті топтың оқу-тәрбие процесі уақытша тоқтатылады.
Медициналық ұйымдарда қандай шаралар қабылданды?
1 қазаннан бастап медициналық ұйымдардың қызметкерлері қорғаныш маскаларын міндетті түрде тағуы керек. Емханаларда ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды қабылдау үшін жеке сүзгілер ұйымдастырылған.
Науқастарға үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалар құрылған. Тыныс жолдарының инфекциясы белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға ерекше көңіл бөлінеді.
Мамандар ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша жағдайды аумақтар, жас санаттары мен қауіп топтары бөлінісінде күн сайын бақылап отырады. Мектеп оқушылары арасындағы сырқаттанушылық та жеке талданады.
Тұрғындарға қолды үнемі жуу, антисептиктерді пайдалану, медициналық ұйымдарға барғанда маска тағу және аурудың алғашқы белгілері байқалғанда үйде қалу ұсынылады.
- Вирустық аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, ең бастысы – жауапкершілік танытып, үйде қалу. Өз бетіңізше емделмеңіз және айналаңыздағы адамдарға қауіп төндірмеңіз, – деп ескертті департамент өкілдері.
Еске салсақ, Алматыда ЖРВИ мен тұмау жұқтыру көрсеткіші 40 пайызға төмендегені хабарланды.