Алматы облысындағы ауыл балаларына тағы бір спорт кешені пайдалануға берілді

Спорт кешені
Фото: Kazinform

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – «Batyr Bolamyn» қорының қолдауымен Алматы облысының Асқар Тоқпанов ауылында балаларға арналған тағы бір спорт кешені ашылды. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігі және серіктестігімен жұмыс істеп жатқан қор шалғай аймақта осымен 40-тан аса спорт залын ашып үлгерді.

Спорт кешендерінің арқасында ауыл-аймақтағы көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар бокс, қазақша күрес, баскетбол, дзюдо, үлкен теннис, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және т. б. спорт секцияларына тегін қатыса алады.

Қор бұл жолы еркін күрестен әлем чемпионатының бірнеше дүркін және Азия чемпионатының жеті дүркін жүлдегері, қазақстандық палуан Дәулет Ниязбековтың бастамасына қолдау білдірді. Атап айтқанда палуан бүгінде шәкірт дайындауға ниеттеніп Асқар Тоқпанов ауылында «Niyazbeov kures zaly» спорт залын ашқан еді. Қор өз тарапынан керекті жабдықтармен, спорттық саймандармен қамтамасыз етіп, ауыл балаларына спортпен емін-еркін айналысуына мүмкіндік жасады.

Ниязбеков қазір спорт секцияларына 100-ден аса баланың қатысатынын алға тартты. Олар түрлі спорт түрлеріне арнайы кестемен кезекпен жаттығуға келеді екен.

Қорды Арман мен Асыл Уахап есімді азаматтар құрған. Олар спорт залдың ашылу салтанатын жоғары деңгейде ұйымдастырып, Тоқпанов ауылының тұрғындарына қуаныш сыйлады. Ал қор президенті Ернұр Сәбікенұлы баршаны құттықтап, биыл өзге де аймақтарда талантты жастарды қолдауға арналған тағы 100 спорт залын ашу жоспарланғанын жеткізді.

«Бұл — біз үшін дүбірлі той. Мына залдың ашылуына сеп болып, басы-қасында жүріп, қол ұшын тигізіп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Осы залды ашып жатқан Дәулет — елдің, ұлттың мақтанышы. Кеше ғана елімізге жеңіс әкелсе, қазір сол жеңісін балалармен бірге жалғастырмақшы. Расында, осындай азаматты тәрбиелеген ата-анасына алғыс айтамыз. Мұндай жаттықтырушымен біздің елде әлі де чемпионар шығатынына сенімдіміз. Бұл зал бірінші Дәулеттің еңбегі. Ал қолдаушы ретінде осындай азаматтың бастамасын жалғастыра алсақ, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Осы тұста шалғай жерлерде балалардың спортпен еркін айналысуына қолдау көрсетіп жатқан „Қазақстан халқына“ қорына да алғыс айтамын. Алдағы уақытта биылға жоспарланған әлі 76 залымыз бар. Оның екеуі, міне ашылып жатыр. Бұған дейін ашылған 40 залымыз бар. Сонда барлығы 100-ден аса зал болмақ. Ертеңгі чемпиондарымыз көп болсын», — деді Ернұр Сәбікенұлы.

Спорт кешені
Фото: Kazinform

Залдың ашылу салтанатына қызмет ету мерзімінде 70-ке жуық қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың бастамашысы болған «Қазақстан халқына» қорының өкілдері де қатысты.

Атаулы шарада Дәулетбеков Азамат, Нұрлан Бекжанов, Қайпанов Нұрқожа, Әлішер Ерғали, Жадыраев Демеу, Үсербаев Ғалым секілді ҚР еңбек сіңірген спорт шеберлері, олимпиада лицензиясының иегерлері келді. Оларды ауыл балалары қуана қарсы алып, шабыттана түсті.

Шарада қадірлі қонақ ретінде халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, ҚР бокстан Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ермахан Ыбраймов та бой көрсетті.

«Бүгін Дәулет Ниязбековтың айтулы спорт залы ашылып жатыр. Мұндай залдар көптеп салынуы керек. Осы ашылып жатқан залдан бәлкім 8-10 жылдан кейін болар, әйтеуір бір олимпиада чемпионы шығады. Бұл жерде Дәулет Ниязбековтың өзі қалай күрескенін біз өте жақсы білеміз. Ол өзінің шеберлігін кішкентай балаларға береді. Сондықтан міндетті түрде чемпион шығады. Сол кезде мұнда тағы да осындай үлкен той жасалатынына кәміл сенемін. Мұндай спорт залының арқасында болашақ жеткіншектеріміздің дені сау, мықты, азамат болып тәрбиеленеді», — деді Ермахан Ыбрайымов.

Соңғы жаңалықтар