Алматы облысындағы балаларды қолдау орталығы нанды 354 теңгеден сатып алып отырған - ҚМА

АСТАНА. KAZINFORM - Алматы облысының Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығында әлеуметтік маңызы бар тауарларды (ӘМАТ) жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды, деп хабарлайды ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

пекарня
Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, қазіргі таңда орталықта 120-дан астам кәмелетке толмаған бала тәрбиеленуде.

Агенттік анықтағандай жеткізуші нанды 140 теңгеден сатып алып, оны балалар үйіне 354 теңгеден (153% үстемақымен) жеткізген.

Сондай–ақ, ол қарақұмық жармасын – 145% (281 тг/кг алып, 687 тг/кг сатқан), күнбағыс майын - 63% (600 тг/л алып, 977 тг/л сатқан), қантты – 38% (350 тг/кг алып, 480 тг/кг сатқан) үстемеақымен жеткізген.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ӘМАТ-қа шекті сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспауы тиіс.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал Орталықпен жасалған ӘМАТ-ты жеткізу шарты 1,3 млн теңгеге төмендету жолымен қайта қаралды.

Сондай-ақ, Агенттік қабылдаған шаралар нәтижесінде өңірдің бірқатар балабақшасы жеткізушілермен сатып алу бағасын 3,9 млн теңгеге төмендете отырып, қосымша келісімдер жасасты.