Алматы облысының әкімдігі 19 млн теңгеге түсірелетін комикстерге қатысты түсінік берді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында тендер арқылы 19 млн теңгеге комикс дайындалады. Осыған байланысты өңір әкімдігі түсінік берді.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, жоба дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға және экстремизмге қарсы тұруға бағытталған. Медиа сауаттылық пен ұлттық бірегейлікті дамытуға баса назар аударылады.
– Ақпараттық-цифрлық материалдарды әзірлеуге 19 701 000 теңге қарастырылған. Сома нарықтағы баға мен шығындарды егжей-тегжейлі талдау арқылы негізделді, - деп түсіндірді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жоба кәмелетке толмағандардың деструктивті ағымдарға тартылуын азайтуға және мәдени құндылықтарды нығайтуға көмектеседі.
– 2024 жылы өңірде жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің мәліметтері бойынша, кәмелетке толмағандар арасындағы діни сенім деңгейі 55%-дан асады, ал шамамен 35%-ы діни білімді интернет арқылы алады, - деп атап өтті әкімдіктен.
Бұған дейін Алматы облыстық дін істері басқармасы экстремизмге қарсы күрес пен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу үшін арнайы комикстер түсіруге тапсырыс бергені туралы жазған едік.