Алматы облысының ауданында 1,5 млрд бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланған
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді.
Оның қорытындысы туралы Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мемлекеттік аудит бөлімінің бас маман-мемлекеттік аудиторы Бақытжан Молдабеков баяндады. Айтуынша, жалпы көлемі 45,5 млрд теңгеден астам қаржыға талдау жасалған. Аудит нәтижесінде жалпы сомасы 9,6 млрд теңгеге жуық құқық бұзушылықтар анықталған. Бұл - тексерумен қамтылған қаржы көлемінің 21 пайызы.
- Анықталған бұзушылықтардың негізгі бөлігін 7,2 млрд теңге көлеміндегі қаржылық бұзушылықтар құрады. Сонымен қатар 1,5 млрд теңге көлемінде тиімсіз жоспарланған бюджет қаражаты, 587,2 млн теңге көлемінде тиімсіз пайдаланылған қаражат және 257,2 млн теңге көлемінде ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды. Бұдан бөлек рәсімдік сипаттағы үш бұзушылық тіркелді, - деді ол.
Ал Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Ерік Бақытов заңнама талаптарының сақталмауына жол берген мемлекеттік аудит объектілерінің 11 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Олардың қатарында ауылдық округ әкімдері аппараттарының мамандары мен аудандық кітапхана қызметкері бар.
- Тәртіптік жазалардың басым бөлігі «ескерту» түрінде қолданылса, бір қызметкерге «сөгіс» жарияланған. Аудит қорытындысы бойынша анықталған заң бұзушылықтардың салдарын жою және олардың қайталануына жол бермеу мақсатында нақты ұсынымдар мен нұсқамалар берілді, - деді Ерік Бақытов.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аудит нәтижесінде бірнеше ауыл әкіміне айыппұл салынғанын жазғанбыз.