Алматы облысының тұрғындарынан 9 айда санэпидқызметке 1034 өтініш түскен
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің 9 айдағы жұмыс қорытындылары туралы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов баяндады. Оның айтуынша, басты мақсат – өңір тұрғындарының санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Жыл басынан бері аймақта 4,5 мыңнан астам жұқпалы ауру ошақтарында эпидемияға қарсы шаралар ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам қатынаста болған адамдар тексеріліп, 995 ошақ толық дезинфекцияланған. Сонымен қатар кене энцефалиті, безгек және туляремия секілді ауруларға қарсы кешенді шаралар жүргізілген.
«738 гектар жерге кенеге қарсы, 70 гектар су айдынына безгекке қарсы өңдеу жасалып, 2 мың гектар аумақта туляремияның табиғи ошағында дератизациялық шаралар өткізілді», - деді Марат Исмаилов.
Жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында тұрақты мониторингтің арқасында туберкулез 72%-ға, созылмалы В гепатиті 33,3%-ға, бруцеллез 33,9%-ға азайған. Бұл аймақтың эпидемиологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартуға әсер еткен. Дегенмен бас дәрігердің айтуынша, вакцина алмаған балалар арасында қызылша, көкжөтел және А вирустық гепатиті секілді аурулардың өршуі байқалады.
«Санитарлық қызмет мемлекеттік бақылау мен қадағалау бағытында да белсенді жұмыс істеп келеді. Биыл 1 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, олардың барлығы «Е-лицензиялау» порталы арқылы автоматтандырылған. Бақылау нәтижесінде 620 тұлғаға 300 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Бұдан бөлек, жеке және заңды тұлғалардан 1 034 өтініш қаралып, 90%-ы ауа мен судың ластануы, жоғары шу деңгейі, бөгде иістер және санитарлық-қорғау аймақтарының сақталмауы мәселелеріне қатысты болған», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығында жүргізілген зерттеулер саны екі есе артқанын жазғанбыз.