Алматы облысының тұрғыны ірі көлемдегі героинмен ұсталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласының 52 жастағы ер адам есірткі сақтады деген күдікке ілінді.

– Тінту барысында күдіктіден «Тропикамид» препараты мен үй ауласындағы қора-жайдан ақ түсті ұнтақ зат табылды. Сараптама нәтижесі тәркіленген зат 156 грамм «героин» екенін растады. Оның қара нарықтағы құны жеті миллион теңгеден асады, – деп хабарлады полициядан.
Сонымен қатар медициналық тексеру күдіктінің ұстау кезінде есірткі қолданғанын анықтады.
– Қазір есірткі заттарын заңсыз сату фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, – делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматыда құны 420 млн теңгеден асатын «синтетика» прекурсорлары тәркіленді.
Сондай-ақ Алматыда есірткіні жасырын қойып кетумен айналысқан 105 адам ұсталғаны туралы жазған едік.