Алматы полицейлері жүргізушілерге ескерту жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полицейлері көлік жүргізушілеріне қысқы дөңгелекке ауысу қажеттігін ескертті.
«Алдағы күндері күн бұзылып, жаңбыр мен қар жаууы, сондай-ақ ауа температурасының төмендеуі мүмкін. Осыған орай, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау үшін көлік жүргізушілері мен автокөлік иелеріне дөңгелектерін қысқы кезеңге ауыстыруды алдын ала жоспарлауды ұсынамыз», – деді полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Сонымен қатар, ол 1 желтоқсан бастап, дөңгелегін ауыстырмаған жүргізушілерге айыппұл салынатынын еске салды. Ереже бұзғандар Әкімшілік кодекстің 590-бабы 5-бөлігі бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Осыған дейін күннің суытуына байланысты Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшкені туралы жазған едік.
Алматының коммуналдық қызметтері көктайғаққа қарсы жұмыстарды жедел жүргізуге дайын. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым, 841 техника және 1405 жұмысшысы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы 76 тонна материал дайындалды.