Алматы полициясы блогер Назар Ролланға неге іздеу жариялады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы даулы бейнежазбалары арқылы танылған 28 жастағы блогер Назар Ролланға іздеу жариялануына қатысты түсінік берді.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, қазір «Бұзақылық» дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
— Бұған дейін Назар Ролланға қатысты елден кетпеу және тиісті тәртіпті сақтау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Алайда ол сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына келмеген. Тергеу әрекеттеріне қатысуын қамтамасыз ету үшін оған іздеу жарияланды, — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір оның жүрген жерін анықтауға бағытталған тиісті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін 28 жастағы блогер Назар Ролланға іздеу жарияланғаны белгілі болды. Ол бұған дейін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін құқық қорғау органдарының назарына бірнеше рет іліккен.
Назар Роллан әлеуметтік желілерде жол ережесін бұзатыү бейнежазбалары арқылы кеңінен танылды. Атап айтқанда, 2018 жылы Алматыдағы әл-Фараби даңғылында қарсы бағыттағы жолақта көлік жүргізіп видео түсірді.
2019 жылы блогер тағы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сол кезде Porsche автокөлігін басқарған Назар Ролланды полиция қызметкерлері Достық көшесі мен Абай даңғылының қиылысында тоқтатқан. Оған «Көлікті алкогольдік мас күйде басқарғаны» үшін әкімшілік жаза тағайындалып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынғаны хабарланған еді.