Алматы полициясы қоғамдық көліктерге «дабыл түймесін» орнатуды ұсынды

Алматылық полицейлер қоғамдық көліктерге «102» арнасына шығатын дабыл түймесін орнатуды ұсынды, деп хабарлайды Kazinform. 

дабыл түйме
Фото: Алматы әкімдігі

Бұл туралы Полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус парктерінің өкілдерімен кездесу барысында тілге тиек етті.

Айтуларынша, оқыс жағдайда дабыл бірден «102» арнасына түседі. Сондай-ақ көлік ұйымының диспетчерлік қызметіне де лезде хабар береді.

Бұған қоса қалалық Әкімшілік полиция басқармасының басшылығы автобустардағы бейне және дыбыс жазатын бақылау камераларын жаңартуды ұсынды.

«Басты мақсат – қоғамдық көліктегі кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов. 

Еске салайық, былтыр желтоқсан айының соңында автобус бір топ адамды қаққан еді.

Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.

Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды. 

 

Соңғы жаңалықтар